Қызылордалық қыз-келіншектер шала туылған сәбилерге киім тоқуда

Қызылордалық бір топ қыз-келіншек мамандықтары дәрігер болмаса да, шала туылған нәрестелердің жетіліп, дамуына үлес қосуда. Жүректері кең жандар «Ана мен бала» орталығындағы шақалақтарды  қолдан тоқылған киіммен қамтамасыз етуді көздеп отыр. Қолдағы қаражаттары мен уақыттарын осы жолда сарп еткен олар өздерін «28 Ілмек» қайырымдылық қорының мүшесіміз дейді.  Айтуларынша,  екі аптада бір рет  бас қосып, тоқитын бұйымдарының сызбасын әзірлейді екен. Ал негізгі жұмысты әркім өз үйінде атқарады. Толығырақ тілшіміз тарқатады.

Бұл бастаманы баласын уақытынан ерте босанып, қиындық көрген астаналық келіншек 2012 жылы қолға алған екен. Ал, Ақмарал былтыр желтоқсанда кіріскен. Оған өзге өңірлердегі замандастарының әрекеті түрткі болған. Айтуынша, бүгінде 12 қалада өздері секілді қайырымды жандар шала туылған нәрестелерге киім тоқумен айналысады екен. Алайда, Қызылордада әлі де болса, бастамашыл топтың қатарына қосылушылар аз көрінеді.

апекпкеп
Ақмарал ТӨРЕБАЕВА, «28 ілмек» қайырымдылық қорының Қызылордадағы ұйымдастырушысы: - Әрқайсысымыздың тұрақты жұмысымыз бар. Ал, тоқыма тоқумен кешқұрым немесе демалыс күндері айналысамыз. Осы орталыққа келіп, маңызды іске бел шеше кіріскенімізге көзіміз жетті. Қазір 10 адам балаларға киім тоқумен айналысып жатыр. Бірақ әлі де тоқымашылар жетіспейді. Сондықтан қыз-келіншектерді қатарымызға шақырамыз. Тіпті тоқу білмегендерді үйретуге де дайынбыз.Мөлдір ҚОЖАХМЕТОВА, тілші: 
- Шала туылған шақалақтардың салмағы бар-жоғы 500-900 грамм. Бұрын әжелеріміз оларды тымаққа салып өсірген. Ал қазір олар инкубаторда жатады. Сондықтан қолдан тоқылған киімдердің олардың дамып-жетілуіне маңызы зор,- дейді ақ халаттылар.

Дәулетбек САДУАҚАСОВ, «Ана мен бала» орталығының бөлімше меңгерушісі:- Шала туылған нәрестелерде апноэ  деген клиникалық синдром болады. Шала туылған нәрестелердің апноэсы, яғни ол қалай білінеді. Шала туылған нәрестелердің тыныс алуының ұмытып кетуінен. Ол физиологиялық жағдайда кездеседі. Яғни сол жағдайды патология жағдайға ұласпас үшін тоқыма киімдер арқылы алдын аламыз. Түктері сәбидің терісін тітіркендіреді де бала демалуды ұмытып кетпейді.

Сондықтан да, қыз-келіншектердің тоқыған бұйымдары дәрігерлер тарапынан үлкен сұранысқа ие. Себебі орталықта жылына 4 мың нәресте дүниеге келсе,соның 5 пайызының салмағы тіпті 1 келіге де жетпейді екен.

Мөлдір Қожахметова (источник)

Қызылорда